
Техникалық кітапхана 1957 жылғы 30 қыркүйекте Батыс Қазақстан халық шаруашылығы кеңесінің (совнархоз) жанынан құрылды және негізінен халық шаруашылығы кеңесінің басқару аппаратына қызмет көрсетуге арналды.
1964 жылғы 30 қаңтарда Қазақ КСР Министрлер Кеңесі «Халық шаруашылығы кеңестерінің техникалық кітапханалары негізінде орталық ғылыми-техникалық кітапханаларды (ОҒТК) ұйымдастыру туралы» №145-р өкімін шығарды. Осы өкімге сәйкес, 1964 жылғы желтоқсанда Батыс Қазақстан халық шаруашылығы кеңесінің негізінде Қазақ КСР-нің үш облысын: Ақтөбе, Гурьев және Орал облыстарын қамтитын Орталық ғылыми-техникалық кітапхана ұйымдастырылды.
1965 жылғы 2 желтоқсанда халық шаруашылығы кеңестерінің қайта ұйымдастырылуына байланысты Қазақ КСР Министрлер Кеңесі халық шаруашылығы кеңестерінің ОҒТК-ларын Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің Республикалық ғылыми-техникалық кітапханасының қарамағына беру туралы № 2007-р өкімін шығарды. Нәтижесінде Батыс Қазақстан халық шаруашылығы кеңесінің ОҒТК-сы Ақтөбе облыстық ғылыми-техникалық кітапханасы (ОҒТК) болып өзгертіліп, 1965 жылғы 1 желтоқсаннан бастап дербес теңгерімге (балансқа) бөлінді.
Ғылыми-техникалық кітапхананың қалыптасу жылдарында ішкі құрылымның негізі қаланды, бірқатар жергілікті ғылыми-зерттеу институттарымен және қаланың негізгі кәсіпорындары мен ұйымдарымен іскерлік әрі тығыз байланыстар орнатылды, кітапхана жұмысына жаңа технологиялар қарқынды түрде енгізіле бастады.
1997 жылдан бастап кітапханада электрондық технологиялар дәуірі басталды. Кітапхана процестерін автоматтандыру қолға алынды – кітапханалық технологияларды автоматтандыруға арналған типтік интеграцияланған шешім болып табылатын «Ирбис 64» автоматтандырылған басқару жүйесін өндірістік енгізу басталды.
Екі мыңыншы жылдардың басында кітапхана жоғары технологиялық кітапхана мәртебесін сақтап қалды. Бөлімдер өз тәжірибесінде заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін: құжаттарды электрондық жеткізуді, электрондық каталог арқылы әдебиеттер тізімін жасауды және тақырыптық іріктеуді тұрақты түрде қолданады.
Уақыт өз талаптарын қоюда, қазіргі таңда өмірді жаһандық Интернет желісіз елестету мүмкін емес. Аймақтың негізгі экономикалық үрдістеріне бағдарлана отырып, кітапхана жүйелі түрде мұнай және газ, құрылыс, ауыл шаруашылығы тақырыптары бойынша арнайы әдебиеттер қорын жасақтайды.
Бүгінгі таңда Ақтөбе филиалының қорында 1,4 миллионнан астам құжат, сонымен қатар лицензияланған коммерциялық мәліметтер базасы бар. Қазіргі уақытта филиал әлемдік кітапхана стандарттарынан еш кем түспейді және ақпараттық қызмет көрсетудің заманауи технологияларын меңгерген аймақтық орталық болып табылады.
Қызмет еткен жылдарында Ақтөбе филиалы үш рет (2000, 2002, 2009 жж.) «РҒТК» АҚ жүйесіндегі ең үздік филиал болып танылды. Кітапханамызды электрондық каталогсыз, құжаттарды электрондық жеткізусіз, жаһандық Интернет желісі арқылы толық мәтінді және библиографиялық мәліметтер базасына еркін қол жеткізусіз елестету мүмкін емес.
Оқырмандар контингентін қаланың түрлі оқу орындарынан келген студенттер мен ғылыми дәрежесі бар профессор-оқытушылар құрамы, ірі кәсіпорындардың инженерлік-техникалық қызметкерлері, кәсіпкерлер, тіпті орта мектеп оқушылары құрайды.
Бірқатар құрылымдық қайта ұйымдастырулардан өткеннен кейін, кітапхана 2008 жылы «Республикалық ғылыми-техникалық кітапхана» АҚ Ақтөбе филиалы деп атала бастады.
Қоғам дамуының қазіргі кезеңін және ақпараттық саланың өсіп келе жатқан рөлін ескере отырып, Ақтөбе филиалы өз жұмысында электрондық ресурстардың рөлін күшейтуге басымдық береді.
2022 жылы «Республикалық ғылыми-техникалық кітапхана» АҚ қайта құрылуына байланысты Коммерциялық емес акционерлік қоғам болып өзгертілді.
Кітапханамыздың айнымас қағидалары – кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсету бойынша сапалы қызмет ұсыну және электрондық ресурстарды пайдалана отырып, қызмет көрсету көлемін ұлғайту болып табылады және әрқашан солай қала бермек.